Сиджанов Ризуан Масғұтұлы

Сиджанов Ризуан Масғұтұлы

Адамдар бұл өмірге қонақ екен.  Біреу ерте, біреу кеш өмірден өтіп жатады. Адамның дегені емес, Алланың дегені болады екен десек те өмірден өткен әкеміз туралы айту қандай қиын десеңізші. Асыл жар, ұл қыздарының сүйікті әкесі, немере — жиендерінің сүйікті атасы, бауырларына,  ағайын туысқа, бүкіл ауыл аймаққа қамқоршы бола білген, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері  ардақты әкеміз Сиджанов Ризуан Масғұтұлы 2019 жылдың ақпан айының 21-ші жұлдызында, 95 жастан асқан шағында  мәңгілік сапарға аттанып еді. Сол күннің алыстап кеткеніне де 1 жыл толып калыпты ау.

Күні кеше ортамызда жарқын  мінезімен жарқылдап, ақыл парасатымен көпке үлгі бола білген  асыл әкеміз бүгінде арамызда жоқ. Ортаға сыйлы, беделді, 95 жастан асқан шағында о дүниелік болған  әкеміздің өмір жолын бір ізге салып баяндауды өздеріне парыз санаған ұрпағы, туыстары былайша толғанады:

 

Өтіп жатыр мынау жалған дүние,

Уақыт шіркін өзгертуде бәрін де.

Өзгермеген әке сенің нұр бейнең,

Ілулі тұр шаңырақтың төрінде.

Еске  бүгін алайық жас шағыңды,

Артқыға қалдырған ақ ізіңізді

Назипамен отасып, әке болып,

Елге сыйлы азамат болғаныңды

 

Өзіңсіз жүрміз, Әке, орта толмай,

Жандардың бәрі бірдей сендей болмай.

Аруағың ұл-қызыңды желеп жүрсін,

Бақилық топырағың торқа болғай.

 

Өткерсек те неше қыс, неше күзді,

Перзенттік парызыңды өтеу ізгі.

Ендігі борышымыз – Әкемізге,

Ас беріп, еске аламыз өзіңізді.

 

Егер марқұм әкеміздің өмір жолын еске алар болсақ, ол 1924 жылы 1-ші қаңтарда Гурьев облысы Құрманғазы ауданы Шоғырлы ауылында, Масғұт атамыз бен Сағида анамыздың шаңырағында дүниеге келген, 8 перзенттің алтыншысы еді. Орта шаруа отбасында өмірге келген. Ата анасы 1932 жылы Гурьев облысы Бақсай ауданының Бақсай селосына  қоныс аударып, Қаракөл кеңшарында еңбек еткен. Ризуан әкеміз орыс қазақ орталау мектебін 1940 жылы бітіріп, сол кезеңдегі ауыртпашылық замандағы жанұя жағдайына байланысты бұғанасы қатпастан 16 жасынан бастап еңбекке араласады. 1940 жылдың маусым айының 1941 жылдың шілде айына дейін Бақсай аудандық партия комитетінде кітапхана меңгерушісі, 1941 шілде айынан 1942 жылдың қыркүйек айынан Бақсай қаракөл кеңшары фермасында кассир есепшісі болып еңбек етті. Ұлы отан соғысына қазақ даласынан аттанған ел қорғаушы азаматтардың бірі болып, 1942 жылдың қыркүйек айында,  Қиыр Шығыстагы қызыл тулы Амур өзенінің соғыс теңіз флотына майданға аттанды. Бұл флотилия контрадмирал Н.В.Антоновтың басқаруымен 1945 жылы 1, 2 Қиыр Шығыс майдандарында жаяу әскермен бірлесе Амур, Уссури, Сунгори өзендері аймақтарында Ханк көлі маңында әскери іс-әрекетерге қатысты.  Соғыстағы ерлігі үшін үшінші дәрежелі отан соғысы «жеңіске қосқан үлесі» үшін орденімен, 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқаны үшін бірнеше орден медальдармен марапатталды. 1950 жылы елге аман есен оралып еңбек жолын, одан әрі қарай жалғастырып Махамбет орта мектебінде соғыс өнері және дене шынықтырудан сабақ берді. Әкеміз 1950 жылы Тәжіғалиқызы Назипамен көңіл жарастырып,  отбасын құрып дәм тұздары жарасқан олар бір шаңырақтың астында Каким, Карим, Мубин, Исатай атты 4 ұлмен Сәуле, Салтанат, Маржан, Нұржамал, Айжамал, Карима атты  6 қызды өмірге әкелді.   Назипа зайыбы денсаулық саласының ардагері асыл жар, батыр ана, мейірімді әже өте инабатты да сыйлы азаматша еді, 2006 жылы өмірден озды. Әкеміз көзінің тірісінде өз ұрпағынан тараған 29 немере мен 54 шөбересін көріп кетті.

Ризуан әкеміз 1952-1957 жылдары Бақсай аудандық мәдени ағарту бөлімінде меңгеруші, аға инспектор қызметін атқарды. Қайда жүрсе де қайнаған еңбектің ортасында жүріп ысылып шыңдалған ауыр заманның ыстығына күйіп суығына төзген ол,  Орал кеңшарына өзінің өтініші бойынша орналасып, 1957 жылдан 1963 жылға дейін шаруашылықта радиотехник, алма бағында егінде бригадир, агроном болып еңбек еткен. Еңбектен қол үзбей жүріп Гурьев ауылшаруашылық техникумынан зоотехникалық білім алды. 13 жылдай Сарытоғай селолық атқару комитетінің төрағасы болып село еңбекшілерінің жағдайын  тұрмысын жақсартуға көптеген еңбек сіңірді. Сонымен қатар Орал кеңшарында агроном  экономист қызметтерін абыроймен атқарып 1984 жылы зейнеткерлікке шықса да қайнаған еңбектен қол үзбей бригадир болып еңбек етті. Шауаршылықта бастауыш партия ұйымының хатшысы, бірнеше рет селолық кеңестің депутаттығына сайланды.

Білемін, әке, жұмақта сенің мекеніңдеп өмірден өткен әкеміздің ұл қыздары немере шөберелері  туған туысқандары, бауырлары мен ағайын туыс, құда жекжатары сағынышпен осылай еске алады.

 

1 комментария в “Сиджанов Ризуан Масғұтұлы

  1. Жатқан жері жарық,топырағы торқа болсын.Артта қалған ұрпағына шапағатшы болсын.Бұндай адамдар әрдайым жүректе сақталады.Бізге сыйлаған бейбіт күндеріңізге мың алғыс.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

salem-shym.kz