Мемлекетік қызметте өсу, меритократия қағидаты

Мемлекетік қызметте өсу, меритократия қағидаты

Мемлекеттік қызмет – мемлекеттің тұрақты дамуы мен қоғамның әл-ауқатын қамтамасыз ететін маңызды институттардың бірі. Сондықтан мемлекеттік аппараттың кәсібилігі мен тиімділігі ең алдымен кадрлардың сапасына, олардың білім деңгейіне, тәжірибесіне және басқарушылық қабілетіне байланысты. Осыған орай, 2026 жылғы 19 мамырда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы мемлекеттік қызметтің заманауи моделін қалыптастыруға бағытталған маңызды құқықтық құжатқа айналды.

Жаңа заң мемлекеттік қызметке қабылдау, қызметте ілгерілету және басқарушы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіріп, меритократия қағидатын жаңа деңгейге көтерді. Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – кәсіби, адал әрі қоғам мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік аппарат қалыптастыру.

Меритократия – мансаптық өсудің басты өлшемі

Жаңа заң мемлекеттік қызметтегі барлық кадрлық шешімдердің негізіне меритократия қағидатын қояды. Бұл дегеніміз – мемлекеттік қызметші лауазымға өзінің жеке байланысы немесе өзге де субъективті факторлар арқылы емес, кәсіби білімі, еңбек нәтижесі, тәжірибесі және құзыреттері арқылы көтерілуі тиіс.

Заңның 21-бабында мемлекеттік қызметке қабылданатын азаматтың мінсіз беделі болуы, белгіленген біліктілік талаптарына сәйкес келуі және лауазымдық міндеттерді орындауға қабілетті болуы қажеттігі белгіленген. Бұл талаптар мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға және кәсіби кадрларды іріктеуге бағытталған.

Сонымен бірге заңда мінсіз бедел ұғымына ерекше мән берілген. Қызметтік әдепті бұзу немесе алынбаған тәртіптік жазаның болуы мемлекеттік қызметшінің кәсіби беделіне әсер ететін фактор ретінде қарастырылады. Бұл мемлекеттік қызметтің тек кәсіби емес, моральдық жауапкершілікке де негізделетінін көрсетеді.

Мансаптық өсудің жаңа мүмкіндіктері

Жаңа заң мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуіне тың серпін береді. Егер бұрын мансаптық өсу көбіне конкурстық рәсімдермен байланысты болса, енді заң мемлекеттік органдардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін кадрлық қозғалыстың бірнеше тетігін көздейді.

35-бапқа сәйкес мемлекеттік қызметші жоғары тұрған, тең дәрежелі немесе төмен тұрған лауазымдарға конкурс арқылы ғана емес, конкурссыз, ауысу, ротациялау және іссапарға жіберу тәртібімен де орналаса алады. Мұндай тәсіл мемлекеттік органдар арасындағы тәжірибе алмасуды күшейтіп, кадрлық әлеуетті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Бұл өзгеріс мемлекеттік қызметшінің кәсіби тәжірибесін бағалауға, еңбек нәтижесіне қарай мансаптық дамуына және басқарушылық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған.

Басшы кадрларды даярлау – жаңа кезең

Жаңа заңдағы маңызды жаңашылдықтардың бірі – болашақ басшыларды жүйелі түрде даярлау институтының енгізілуі.

Заңның 20-бабына сәйкес Президент жанындағы білім беру ұйымдарында арнайы даярлықтан өткен азаматтар белгіленген тәртіппен басшы лауазымдарға орналаса алады. Бұл мемлекеттік басқару жүйесінде кәсіби көшбасшылар корпусын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мұндай тәсіл басқарушы кадрларды кездейсоқ емес, арнайы даярлықтан өткен, заманауи басқару әдістерін меңгерген мамандар қатарынан қалыптастыруға бағытталған.

Жастардың мемлекеттік қызметтегі мүмкіндіктері

Жаңа заң талантты жастардың мемлекеттік қызметке келуіне де ерекше назар аударады.

Ерте кәсіптік бағдарлау бағдарламасы бойынша даярлықтан өткен азаматтар оқуын аяқтағаннан кейін екі жыл ішінде конкурс өткізілмей төменгі лауазымдарға орналаса алады. Бұл жастардың мемлекеттік қызметке тез бейімделуіне және кәсіби тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.

Сонымен қатар Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік жастар кадр резервінің рөлі күшейтіліп, болашағынан үміт күттіретін жастардың мемлекеттік басқару жүйесіне келуіне жаңа мүмкіндіктер жасалды.

Кәсіби даму – табысты мемлекеттік қызметтің кепілі

Қазіргі мемлекеттік қызметте кәсіби даму үздіксіз процесс болуы тиіс. Заңда мемлекеттік қызмет персоналын басқарудың негізгі мақсаттарының бірі ретінде кадрларды жоспарлау, іріктеу және мемлекеттік қызметшілердің кәсіптік дамуын жетілдіру айқындалған.

Бұл мемлекеттік қызметшілердің жаңа білім мен дағдыларды тұрақты меңгеруіне, басқарушылық қабілеттерін жетілдіруіне және еңбек өнімділігін арттыруына бағытталған.

Жаңа «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заң мемлекеттік қызметшінің мансаптық дамуына жаңа серпін берді. Заңдағы меритократия қағидаты, мансаптық өсудің икемді тетіктері, кадр резервін дамыту, басшы кадрларды даярлау және кәсіби дамуды қолдау мемлекеттік аппараттың сапасын арттыруға бағытталған.

Бүгінгі мемлекеттік қызметші – өз саласын жетік білетін маман ғана емес, өзгерістерге бейім, жоғары жауапкершілікке ие, әдеп қағидаттарын сақтайтын және үздіксіз дамуға ұмтылатын тұлға болуы тиіс. Осындай қағидаттарға негізделген мемлекеттік қызмет қана қоғам сеніміне ие болып, еліміздің тұрақты дамуына үлес қоса алады.

Сондықтан жаңа заңда көзделген мансаптық даму тетіктері мен меритократия қағидаты кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптастырудың және тиімді мемлекеттік басқаруды қамтамасыз етудің маңызды құқықтық негізі болып табылады.

Мақала авторы:

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

Шымкент қаласы бойынша департаменті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

salem-shym.kz