«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» Білімнің салтанат құруы

Бар ізгілік тек білімнен алынар,

Білімменен аспанға жол салынар…

Жүсіп Баласұғын

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында айтқан орамды ойы: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді».

Бүгін біз жылдам өзгеретін инфрақұрылымы бар цифрлық қоғамның даму сатысында тұрмыз. Қазіргі студенттер білім беру үрдісіне деген көзқарасын мүлдем өзгертуде, ал бүкіл әлемде университеттер білім берудің цифрлық форматына көшті. «Z» ұрпақ, яғни 1996 жылы және одан кейін туылғандар, ескірген технология бойынша ақпаратты қабылдауға қызықпайды.

Бүгінгі күні цифрландыру тренді «Digital Kazakhstan» бағдарламасын іске асыру аясында «Отандық IT-секторды дамыту және Қазақстанда білім беру сапасын арттыру» бағыты бойынша білім беру үрдісін дамытудың негізгі бағыттарының бірі болып табылады.

Білікті кадрларды даярлау саласында қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін үздік әлемдік тәжірибелерге сәйкес білім беру жүйесі толық жаңартылатын болады. Жаңа білім беру цифрлық экономиканың қажеттіліктеріне, ең алдымен, ақпаратты талдау дағдыларына және ойлау жасампаздығын дамытуға баса назар аудара отырып, жауап беретін болады.

Барлық қажетті дағдыларды алуға тілек білдірушілер үшін білім беру мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында ашық білім берудің ұлттық тұғырнамасы құрылатын болады, ол бірінші кезекте қажетті инженерлік-техникалық бағыттар бойынша базалық дайындықты қамтамасыз ететін, оларды құруға қазақстандық университеттердің үздік профессорлары мен өндіріс мамандарын тарта отырып, онлайн курстар ұсынатын болады. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін жоғары оқу орындары мен кәсіпкерлер арасындағы өзара іс-қимылды күшейту үшін мүмкіндіктер ашылады.

Онлайн-оқулықтар, оқытудың бұлттық жүйесі, виртуалды зертханалар, әрбір білім алушыға дербес ID ұсыну, ашық білім беру контенті – осының барлығы Қазақстанның жақын болашақта білім алу сапасын жаңа деңгейге көтереді. Еліміз бағыт алған цифрландыру – білім беру саласын реформалау үдерісіндегі жетекші трендтердің бірі болып тұр.

М.Әуезов атындағы ОҚУ «Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасының ұжымы қоғамды ақпараттандырудың және цифрлық технологияларды дамытудың маңыздылығын сезіне отырып, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі ретінде осы саланы дамытуға белсенді қатысуда.

Кафедра 6B07110 «Автоматтандыру және басқару» және 6B06210 «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» бакалавриат және 6М070200 «Автоматтандыру және басқару» магистратура бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады.

Цифрлық технологиялардың көмегімен оқытушылар материалды тиімді ұсына алады, сондықтан оқыту мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейді.

Оқу үрдісінде қуатты аппараттық және бағдарламалық қамтамасыз етумен жабдықталған «Promethean Activboard» интерактивті тақталары тиімді пайдаланылады. Бұл мультимедиялық жабдықты пайдалану материалды ұсыну деңгейін де, оны оқу немесе презентация үрдісінде аудиторияның игеруінің сапасын да арттырады. Жоғары бейімделу мүмкіндігі кез-келген тапсырманы орындау үшін осы құрылғыларды барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Онлайн оқыту үрдісіне инновациялық педагогикалық технологиялар ретінде «Автоматика және телемеханика жүйелерін жобалау», «Телекоммуникациялық жүйелердің сенімділігі» электрондық оқулықтары, жаппай ашық онлайн курстар (ЖАОК) және «Басқару жүйелерінің сенімділігі» пәні бойынша 15 бейнедәрістер енгізілді. Сонымен қатар бірқатар пәндер бойынша жаңа тұрпаттағы бейнедәрістерді және электронды оқулықтарды енгізу көзделіп тұр. 

Дәріс және практикалық сабақтар өткізу үшін білім беру саласындағы визуализацияның тамаша құралы ретінде INTECH IWB® интерактивті тақталары меңгерілуде.

Зертханалық және практикалық сабақтарды өткізу үшін оқу үрдісіне «Технологиялық үрдісті басқарудың автоматтандырылған жүйесі» және «Логикалық элементтер мен импульстік схемаларды зерттеу» заманауи стенд-тренажерлері енгізілуде.

Бүгінде цифрлық технологиялар арқылы оқытушылар әлемнің түкпір-түкпірінен келген әріптестерімен тілдесе алады. Олар конференциялар мен жиналыстардың офлайн кеңістігінен әлдеқашан шығып, вебинарларға, бейне конференцияларға, онлайн чаттарға қатысуға ынталандырады. IT-технологиялардағы зерттеулерге басымдық бере отырып, ЖОО ғылымы белсенді дамып келеді және жетекші шетелдік университеттермен және зерттеу орталықтарымен, ірі кәсіпорындармен және трансұлттық корпорациялармен бірлескен жобалар іске асыру мүмкіндігі пайда болады.

Жыл сайын ақпараттық технологиялар, жасанды интеллектпен жұмыс істеу және «Үлкен деректер – Big Data» бойынша білім алған түлектер саны артып келеді. Білім алушылар университеттің IT-орталығына бара отырып, өнеркәсіптік және тұрмыстық робототехника саласындағы бірегей жобаларды әзірлеуге қатысады. Білім беру саласындағы ақпараттық технологиялар мен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту білім алушының бәсекеге қабілетті, ақпараттық сауатты тұлғасын қалыптастыруға және оқытуда жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Білім берудегі заманауи ақпараттық технологиялар – бұл озық цифрлық технологияларға негізделген қолжетімді білім беру ортасын ұйымдастыру тәсілі екендігі айдан анық.

Ұлт болашағы мен қауіпсіздігі білім беру ісімен тікелей байланысты, сондықтан ұрпақтан білім салтанат құратын кемелді келешек күтетін болсақ, білім және ғылым саласындағы өзекті мәселелерді шешуде жаңашылдық пен ізденімпаздық танытуымыз қажет.

«Автоматтандыру, телекоммуникация және басқару» кафедрасының аға оқытушысы Тургенбаев Д.Н.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

salem-shym.kz