Шымкент қаласында тоғыз тұрғынның сеніміне кіріп, 6 млн теңгеден астам ақшаны жымқырған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды ERNUR.KZ.
25 мамырда Әл-Фараби ауданының Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Өз арызында ол осы күні үйіне бейтаныс әйел алдау және сенімге қиянат жасау арқылы келіп, оның ауыр сырқат екенін және оны емдей алатыны туралы жалған ақпарат беріп, жәбірленушіге жалпы сомасы 2.100.000 теңге шығын келтіріп, алтын бұйымдары мен ақшалай қаржысын иемденіп кеткен.
Дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі бойынша (алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) тіркелген.
Жүргізілген жедел-іздестіру қорытындысына сай аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 25 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Жедел-тергеу іс-шаралары барысында күдіктінің тағы да сегіз ұқсас қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысы бар екені анықталды. Барлық жәбірленуші адамдар беттестіру жүргізу кезінде күдіктіні оларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адам ретінде таныды. Ол өз құрбандарын негізінен Арбат, Орталық саябақ, “Қиял әлемі” саябағы және тағы басқа адамдар көп шоғырланатын орындардан тапқан. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын 6 000 000 теңгеден асады.
Осыған байланысты, 8 маусымда күдіктінің әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі бойынша сараланды.